Спорттық радиопеленгация – салауатты өмір салты

Спорттық радиопеленгация ойын талабы бойынша — орман ішіне жасырылған радиостанцияларды қысқа мерзім ішінде іздеп табу қажет.  Халық ішінде таралған  “түлкі аулау” атауы, осы спорт түрі дамыған  бірқатар шет елдерде қолданылып кеткен. Алайда, оның мәні аң аулау мен жай ғана пеленгацияға қарағанда тереңірек. Бұл  қызықты да романтикаға толы, көп білім талап ететін, жоғары интеллектуальді спорт түрі.

Қазіргі уақытта, спорттың адам денсаулығы үшін пайдасы зор екені берімізге мәлім. Олардың ішіндегі ерекше орында, негізгі қозғалыс болып табылатын спорт түрлері.

Адам ағзасының барлық өмірлік маңызды органдары мен жүйелері түгел қатысатын және оның табиғи  қызметінің ең қол жетімді формасы – жүгіру. Таза ауада жүгірудің адам денсаулығына пайдалы екенін коптеген зерттеушілер дәлелдеген.  Алайда, оның өмірің үшін маңызды екенін түсінген күннің өзінде де, жай ғана жүгіру онша қызықты емес. Қызығушылықпен, ынтамен жүгіру әлдеқайда қызықты. Дәл осындай ынталандыру және шығармашылық сипаты бар спорт түрі – спорттық радиопеленгация.

Спорттық радиопеленгация әдістерін спортқа тікелей байланысты емес мақсаттарға да қолдануға болатынына байланысты, оның халық шаруашылығы мен әскери сала үшін де маңызы зор.

Спорттық радиопеленгацияда қолданылатын аппаратуралар, топографиялық карталарды радионавигация арқылы түзету үшін пайдаланылады. Олар, экологиялық мәселелерді зерттеу  және жануарлардың миграциялық процессін бақылау кезінде де қолданылады.

Мысалы, радиотолқын таратқышты жануарлардың арқасына орналастырып, содан кейін бірнеше нүктелерден радиопеленгациялау арқылы олардың қозғалыс барысын қадағалауға болады.

Қазіргі заман соғысы – ең бірінші кезекте радиоэлектрондық құралдардың соғысы екені ешкімге құпия емес.

Бірқатар елдердің әскерлерінде радиокедергі көзі болып табылатын кішігірім құралдармен ататын арнайы қарулар бар екені белгілі. Осындай бір кішкентай  құрылғының өзі ғана түгелдей бір әскер радиокешенін ұзақ уақытқа істен шығаруға қабілетті. Қазіргі заманғы ұрыста байланыстан айырлу – соқыр боксшының рингке шығуымен бірдей нәрсе. Ал, осындай кішкене ғана қорап «диверсантты»  іздеп табу, спорттық радиопеленгациямен айналысатын, дағдыланған адамға оп-оңай нәрсе. Әскери байланыс бөлімшелерінде осыған қажет штаттық құрал-саймандар мен оны қолдана алатын арнайы дайындығы бар маман болуы тиісті.

Спорттық радиопеленгациямен айналысатын спортшы, терең білімі бар, дағдыланған адам болуы қажет. Жарыста табысқа жету үшін спортшының келесідей білімі мен касиеттері болғаны абзал:

радиотехника және пеленгация негіздерін білу,

топографияны,  айналаны бағдарлауды білу,

денесі шыныққан, күшті, жылдам және епті болуы,

ақылды, тапқыр, батыл, реакциясы жылдам, мақсатқа жету еркі мен табандылығы бар.

есту және көру қабілеті жоғары.

күрделі, шиеленіскен жағдайларда тапқыр шешім қабылдай алатын,

ой жинақылығы мен зейін қоя білу сияқты қасиеттері болуы тиіс.

Мұндай қасиеттерге спортшы жаттығулар мен жарыстар процессінде ие болып, дағдыланады. Қазіргі заман спорт түрлерінің ішінде спорттық радиопеленгация мұндай талаптар бойынша алдыңғы қатарда тұрған спорт түрлерінің бірі. Ол жүгіріп бара жатып, шахмат ойнағанмен бірдей. Мұндағы жетістік, интелектуальді қабілет пен дене шынығу тәрбиесіне байланысты.

Спорт пен техника, атлетизм мен тапқырлық, шыдамдылық пен айқын ой, табиғатпен тығыз қарым-қатынаста болу – бүгін барлық жерде айтылып жүрген адамзаттың үйлесімді дамуы, спорттың бұл түріне тән қасиет. Спорттық радиопеленгация басқа да спорт түрлеріне қарағанда, қолданылатын құралдары мен тәсілдерінің кеңдігімен де қатты ерекшеленеді.

Қазақстанда, спорттық радиопеленгация олимпиадалық емес спорт түрлеріне жатады.                    ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен, республикалық және халықаралық спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес Қазақстанның Радиоспорт және Радиоәуесқой Федерациясының ұймдастыруымен радиоспорт бойынша жүйелі түрде облыстық және республикалық жарыстар өткізіліп тұрады. Біздің спортшылар ұлттық құрама команда құрамында Азия, Еуропа және Әлем  Чемпионаттарына қатысып, жақсы нәтижелерге қол жекізіп жүр. 2014 жылы, Қазақстанда, Бурабай маңында, ел тарихында алғаш рет, спорттық радиопеленгациядан Әлем Чемпионаты өтті.

Comments are closed.